Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев транзиттік тасымалдар көлемінің тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін шаралар қолдануды тапсырды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
Бақытжан Сағынтаев ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге ЕАЭО, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы шетелдік серіктестермен Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдарды арттыру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.
Бұдан өзге, ҚР ИДМ-не жүктердің қозғалысын ақпараттық сүйемелдеу мәселесін пысықтау және негізгі транзиттік дәліздердегі жол сервисі нысандарын ұлттық стандарттарға сәйкес келтіру тапсырылды.
«ҚТЖ» ұлттық компаниясына контейнерлік тасымалдар көлемін арттыру бойынша жұмысты жандандыру және ел ішінде, сондай-ақ шет елде көлік-логистика орталықтары желісін уақытылы құруды қамтамасыз ету қажет.